- Басты бет
- Жеке сот орындаушысының қаулысы негізінде қызметкердің жалақысынан ұстап қалу - FCHAIN
Жеке сот орындаушысының қаулысы негізінде қызметкердің жалақысынан ұстап қалу - FCHAIN
Жеке сот орындаушысының қаулысы негізінде қызметкердің жалақысынан ұстап қалу
Қызметкердің жалақысынан жеке сот орындаушысының (ЖСО) шешімі негізінде ұстап қалу – Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңымен реттелетін заңды мәжбүрлеп орындату шарасы болып табылады.
Сот орындаушысы ай сайынғы ұстап қалу мөлшерін айқындайтын қаулы шығарып, оны орындау үшін борышкердің жұмыс берушісіне жолдайды. Ұстап қалулардың дұрыс есептелуін, олардың уақтылы жүргізілуін және өндіріп алушыға аударылуын бақылау да сот орындаушысының міндеттеріне кіреді.
Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 93-бабына сәйкес борышкердің жалақысы мен өзге де табыстары берешекті өтеу үшін пайдаланылуы мүмкін. Бұл тұрақты төлемдер бойынша, берешек сомасы 100 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспайтын жағдайда немесе өзге берешек түрлері бойынша борышкердің қарызды толық өтеу үшін өзге мүлкі болмаған немесе жеткіліксіз болған кезде жол беріледі. Сонымен қатар, Заңның 94-бабында көрсетілгендей, ұстап қалу мөлшері қызметкердің нақты қолына алатын табысынан, яғни барлық міндетті салықтар мен төлемдер ұсталғаннан кейінгі сомадан есептеледі.
Жұмыс берушінің міндеттері
Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңы борышкерге табыс төлейтін жұмыс берушілерге және өзге де тұлғаларға бірқатар міндеттер жүктейді. Атап айтқанда, Заңның 100-бабына сәйкес олар сот орындаушысына борышкердің жұмыс орны мен табысы туралы шынайы мәліметтерді белгіленген мерзімде ұсынуға, сондай-ақ атқарушылық құжатқа сәйкес ұстап қалуларды жүргізіп, ұсталған сомаларды өндіріп алушыға аударуға міндетті. Заңның 93-бабының 4-тармағына сәйкес жұмыс беруші борышкер жұмыстан босатылған жағдайда, үш күн ішінде бұл туралы сот орындаушысына хабарлауға және егер мәлімет болған жағдайда, борышкердің жаңа жұмыс орны немесе тұрғылықты жері туралы ақпаратты да сот орындаушысына жеткізуге міндетті.
Осылайша, қызметкердің жалақысынан ұстап қалу туралы жеке сот орындаушысының қаулысы алынған сәттен бастап оны орындау жұмыс берушінің тікелей заңды міндеті болып табылады. Жұмыс беруші қаулыны қызметкердің келісімінсіз орындауға қабылдауға, қызметкерді ұстап қалулар туралы хабардар етуге, заңда белгіленген шектеулерді ескере отырып ұстап қалулардың дұрыс есептелуін қамтамасыз етуге, ұсталған сомаларды уақтылы өндіріп алушыға немесе сот орындаушысының депозиттік шотына аударуға, сондай-ақ қызметкер жұмыстан босатылған жағдайда белгіленген мерзімде сот орындаушысын хабардар етуге міндетті.
Сот орындаушысының қаулылары мен заңды талаптарын орындамау, бұрмаланған немесе шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер ұсыну не сот орындаушысының заңды талаптарын орындаудан бас тарту Қазақстан Республикасында әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін 10-нан 50 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Айыппұл мөлшері құқық бұзушының мәртебесіне, құқық бұзушылықтың түріне (орындамау, жалған немесе дәл емес мәліметтер ұсыну, қаражатты аударудан жалтару), сондай-ақ кінәнің дәрежесіне және туындаған салдарға байланысты айқындалады.
FChain қалай көмектеседі
Атқарушылық іс жүргізуді қатаң құқықтық реттеу және жұмыс берушінің жеке сот орындаушысының қаулыларын орындау бойынша жоғары жауапкершілігі жағдайында мұндай процестерді кәсіби сүйемелдеу маңызды рөл атқарады. FChain компаниясы атқарушылық құжаттар негізінде қызметкерлердің жалақысынан ұстап қалу мәселелері бойынша жұмыс берушілерге кешенді құқықтық және консультациялық қолдау көрсетеді.
Кәсіби кеңес алу үшін almaty@f-chain.com электрондық поштасы арқылы немесе WhatsApp: +7 771 214 1820 нөмірі бойынша хабарласыңыз.
Еңбек кодексі 2026: негізгі өзгерістер
Мақаланы дайындағандар: Сергей Гайдаров және Арслан Едигеев,
FChain Kazakhstan заң департаменті
28 қаңтар 2026 жыл
Ақыл-кеңес
Бізге жазыңыз немесе жақын орналасқан кеңсені табыңыз