- Басты бет
- 2026 жылғы қазаннан бастап Қазақстанда маңдайшаларды келісу тәртібінің өзгеруі - FCHAIN
2026 жылғы қазаннан бастап Қазақстанда маңдайшаларды келісу тәртібінің өзгеруі - FCHAIN
2026 жылғы қазаннан бастап Қазақстанда маңдайшаларды келісу тәртібінің өзгеруі
2026 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда маңдайшаларды орналастыруды келісу жөніндегі мемлекеттік қызметті көрсетуге арналған жаңа Қағидалар қолданылады. Олар жергілікті атқарушы органдарға жүгіну тәртібін, қажетті құжаттар тізбесін, өтінішті қарау мерзімдерін және бас тарту негіздерін айқындайды. Өз қызметін жүзеге асыратын жерде маңдайша орналастыруды жоспарлап отырған компаниялар мен кәсіпкерлер үшін бұл өзгерістерді ескеру маңызды. Маңдайшаны белгіленген мерзімде келісу үшін рәсімдеу талаптары мен қолданыстағы тәртіпті алдын ала ескерген жөн.
Маңдайшаны орналастыру тәртібі
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабына сәйкес маңдайшаны орналастыру үшін оны орналастыру жоспарланған күнге дейін кемінде бес жұмыс күні бұрын жергілікті атқарушы органға хабарлама жіберу қажет. Хабарламаға маңдайшаның орналасатын жері туралы мәліметтер мен оның нобайы қоса беріледі. Егер жергілікті атқарушы орган ескертулер анықтаса, оларды жоюды талап ететін жазбаша негізделген жауап беруге құқылы. Мұндай жағдайда маңдайшаны ескертулер жойылғаннан кейін ғана орналастыруға болады. Егер хабарлама алынған күннен бастап төрт жұмыс күні ішінде жауап келмесе, өтініш беруші маңдайшаны мәлімделген мерзімде орналастыруға құқылы.
Маңдайшаға не жатады
Маңдайша жеке және заңды тұлғалардың атауы мен қызмет түрі, оның ішінде оларды дараландыру құралдары туралы ақпаратты қамтиды. Ол ғимаратқа кіреберіс шегінде кіреберістер санына қарай, пайдаланылатын аумақ қоршауының кіреберісінде, сондай-ақ ғимараттардың, оларға жапсарлас құрылыстардың және уақытша құрылыстардың шатырлары мен қасбеттерінде орналастырылуы мүмкін. Маңдайша тұлғаның нақты орналасқан, тауарлар өткізілетін, жұмыстар орындалатын немесе қызметтер көрсетілетін жерде орналасуға тиіс.
Келісу үшін қайда жүгіну керек
Мемлекеттік қызметті жергілікті атқарушы органдар көрсетеді. Республикалық маңызы бар қалалар мен астанада келісуді тиісті қалалардың әкімдіктері жүзеге асырады. Облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда, ауылдар мен кенттерде бұл қызметті облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардың әкімдіктері көрсетеді. Өтінішті қызмет көрсетушінің кеңсесі арқылы немесе eGov.kz порталы арқылы электрондық түрде беруге болады. Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі.
Қандай құжаттар қажет
Қызмет көрсетушінің кеңсесіне жүгінген кезде белгіленген нысандағы өтінішті, маңдайшаның нобайын және жеке басты куәландыратын құжатты немесе цифрлық құжаттар қызметіндегі электрондық құжатты ұсыну қажет. Өтініште ЖСН немесе БСН, байланыс телефоны, мекенжай, елді мекеннің атауы және маңдайша орналастырылатын мекенжай көрсетіледі. Сондай-ақ дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім беру қажет. eGov.kz порталы арқылы өтініш электрондық түрде беріледі және электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылады. Оған маңдайша нобайының электрондық көшірмесі қоса беріледі. Жеке басты куәландыратын құжат туралы мәліметтерді қызмет көрсетуші мемлекеттік цифрлық жүйелерден дербес алады.
Маңдайшаны келісу мерзімі
Құжаттарды қарау мерзімі олар қабылданған күннен бастап төрт жұмыс күнін құрайды. Жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс немесе мереке күндері берілген құжаттар келесі жұмыс күні қабылданған болып есептеледі. Қарау нәтижесінде өтініш беруші маңдайша нобайын келісу туралы шешімді немесе бас тартудың негізделген жауабын алады.
Маңдайшаны рәсімдеуге қойылатын талаптар
Өтінішті қарау кезінде уәкілетті орган ұсынылған құжаттардың дұрыстығын және олардың Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы мен белгіленген Қағидалардың талаптарына сәйкестігін тексереді. Мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде орналастырылуға тиіс. Қажет болған жағдайда ақпарат орыс және (немесе) басқа тілдерде де берілуі мүмкін. Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар белгілері маңдайшаларда өзгеріссіз көрсетіледі.
Қандай жағдайларда келісуден бас тартылуы мүмкін
Ұсынылған құжаттардағы немесе мәліметтердегі ақпараттың дұрыс болмауы, өтініш берушінің немесе ұсынылған материалдардың тіл туралы заңнама талаптарына сәйкес келмеуі, сондай-ақ келісу туралы сұрау салуға уәкілетті мемлекеттік органның теріс жауабы, сараптаманың, зерттеудің немесе тексерудің теріс қорытындысы бас тартуға негіз болуы мүмкін. Сонымен қатар өтініш берушінің қызметіне немесе оның жекелеген түрлеріне тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот шешімі болған жағдайда, мемлекеттік қызметті алуға байланысты арнаулы құқықтан айыру туралы сот шешімі болған кезде немесе қызмет көрсету үшін қажетті қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге келісім берілмеген жағдайда да келісуден бас тартылуы мүмкін.
Бас тартуға қалай шағымдануға болады
Шағымды қызмет көрсетушіге және (немесе) шешіміне немесе әрекетіне шағым жасалып отырған лауазымды тұлғаға беруге болады. Үш жұмыс күні ішінде шағым мен әкімшілік іс шағымды қарайтын органға жіберілуге тиіс. Егер осы мерзім ішінде қызмет көрсетуші өтініш берушінің талаптарын толық қанағаттандыратын шешім қабылдаса, шағымды басқа органға жіберу талап етілмейді. Қызмет көрсетуші шағымды тіркелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде, ал шағымды қарайтын орган 15 жұмыс күні ішінде қарауға тиіс. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес сотқа жүгіну сотқа дейінгі шағымдану рәсімінен өткеннен кейін мүмкін болады. Жаңа тәртіп маңдайшаларды келісу жөніндегі мемлекеттік қызметті алу үшін бірыңғай талаптарды белгілейді. Жаңа нысандар ашатын немесе маңдайшаны орнатуды не өзгертуді жоспарлап отырған компанияларға оның нобайы мен қажетті құжаттарды алдын ала дайындап, белгіленген қарау мерзімдерін ескерген жөн.
FChain құқықтық қызметтері
FChain Kazakhstan Қазақстандағы бизнеске кәсіби құқықтық сүйемелдеу көрсетеді. Компания қызметіне, құжаттарды рәсімдеуге және қолданыстағы талаптарды сақтауға байланысты мәселелер бойынша мына қызметтер өзекті болуы мүмкін:
- Құқықтық кызметтер — Қазақстанда кәсіпкерлік қызметті жүргізуге байланысты мәселелер бойынша компанияларға құқықтық кеңес беру және қолдау көрсету.
- Кәсіпкерлерге құқықтық қолдау — компанияның күнделікті қызметін және қызмет барысында туындайтын құқықтық мәселелерді кешенді сүйемелдеу.
- Құқықтық аудит — ықтимал құқықтық тәуекелдерді анықтау мақсатында компания қызметінің құқықтық қырлары мен құжаттарын тексеру.
- Компанияны тіркеу — бизнесті тіркеуді және қызметті бастауға байланысты ұйымдастырушылық-құқықтық рәсімдерді сүйемелдеу.
- Қазақстан нарығына шығу — бизнесті кешенді сүйемелдеу — Қазақстан нарығында қызметін бастауды жоспарлап отырған шетелдік және халықаралық компанияларға арналған кешенді қызметтер.
Маңдайшаларды келісудің белгіленген тәртібін оларды орналастыруға дайындық кезеңінде ескеру маңызды. Құжаттарды дұрыс рәсімдеу, нобайдың белгіленген талаптарға сәйкестігі және өтінішті уақтылы беру ескертулердің, бас тартудың және рәсімнің созылу қаупін азайтуға мүмкіндік береді. FChain компаниясы Қазақстандағы бизнеске құқықтық сүйемелдеу көрсетеді, оның ішінде заңнама талаптары бойынша кеңес береді, құжаттарды тексеруді және компаниялардың күнделікті қызметін кешенді сүйемелдеуді жүзеге асырады. Бұл бизнеске реттеуші талаптарды уақтылы ескеріп, негізгі қызметіне назар аударуға мүмкіндік береді.
Қызметкерлерді медициналық тексеру: 2026 жылғы 3 қазаннан бастап енгізілетін өзгерістер
Дайындаған: Анель Космаганбетова
Директордың ассистенті
FChain Қазақстан
📩almaty@f-chain.com
WhatsApp: +7 771 214 1820
Ақыл-кеңес
Бізге жазыңыз немесе жақын орналасқан кеңсені табыңыз